Абай –әлемі » ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ «ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ №1 ОРТА МЕКТЕБІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ «ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ №1 ОРТА МЕКТЕБІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Нашар көрушілер
нұсқасы
06
февраль
2021

Абай –әлемі

Абай –әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға.

Біреулерге болғанымен айдала,
 Басын иіп тәу етеді бар дана.
 Ұлы Абайды дүниеге әкелген,
 Құдіретіңнен айналайын, сардала...



Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс.

Н.Ә.Назарбаев

Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп,қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келді. Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды.

Абай Құнанбайұлы тұлғасы да –сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған –алтын көпір. Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, өз қолынын өз ырқы кеткен  алды бұлыңғыр уақытқа тап болды, көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады . Баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты.

Ұлы ақын, дана, ойшыл Абай XIX және XX ғасырлар тоғысындағы ағартушылық немесе ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды.

Ұлылықты ұғыну ұғыну бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық катпар құбылыс деп білемін. Күллі қазаққа ортақ тұлға ретінде әлем елдерінің жадында жатталған Абай атамыздың биыл туғанына 175жыл. Ұшқыр ойымен қиял көкжиегін өрнектеген, ойшыл ақынның қазақтың мұңын жүрегіне салып көтере білуі - өз заманының кемеңгері екенін анықтайды. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған   Ұлы Абайдың аманат арқалаған толғаулы тағдыры қалың қазақтың жан жарасындай еді.


Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. Ол туралы айтылар сөз, жасалар істер әрқашанда өз арнасын табуы тиіс. Абай өлмес мұра қалдырды, оны алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту - біздің ғұмырлық парызымыз.

Болашақ ұрпағымыздың бойына данышпан бабаларымыздың асыл қасиеттерін сіңіруді, Абайдай халық қамын ойлайтын саналы азамат тәрбиелеуді қазіргі өмір талабы біздерге, соның ішінде ұстаздар қауымына жүктеп отыр. Сондықтан Абай туралы бар білгендерімізді бүгін сарапқа салғалы отырмын.

Мен қазақпын дейтін әрбір адамның жүрегінің түкпірінде Абайға деген бір жылы сезім жататыны мәлім. Оның терең мағыналы өлеңдері мен әндерін, қара сөздері мен дастандарын оқып, жаттап, айтып өскен әрбір адам Абай десе елең ете қалары сөзсіз.

Абайдың зиялылық шығармашылығы оның педагогикалық көзқарасымен ажырамас бірлікте. Абай адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін ағартушылық міндетін терең сезінген. Мәселен,

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай, баптанба,

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге,» - дей келіп, адам мінезіне жақсы да жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп, даралап түсіндіріп береді. Жас ұрпақтың ақыл-ой тәрбиесін жан-жақты жырлап, адамзат баласының ең асыл қасиеті білім-ғылымға ұмтылу деп бағалайды. Ғылым-білімге талпыныс адамның жан дүниесімен қоса сыртқы айнала қоршаған экономикалық - әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланысты екендігінің шындығын айтады.

Абай – кемеңгер! Бүкіл халықтың бетке ұстар данышпаны. Сондай-ақ, Абай көзі тірісінде өзінен кейінгі өнерлі ұрпақты әдебиетке, поэзияға жетелеген өрелі Ұстаз, Хәкім!

Ақынның соңында қалған шығармашылық мұралары ана тілімізде, сондай-ақ басқа тілдерге тәржімаланып, әлемдік деңгейде танылуда, зерделі зерттеу еңбектері де өз оқырманын тауып жатыр. Бұл күні Абай мұрасын зерттейтін өз алдына дербес «Абайтану» ғылымы кең өріс жаюда. Абайтану оқулығы қайта жарыққа шығып оқушыларға ұсынылды. Абай мұрасын танып білу, терең меңгеру оңай іс емес. Абайдың осы тереңнен тартқан әдебиет саласындағы тамырын насихаттауды жаңа талап тұрғысынан түлетіп, жаңа серпінмен көрсете білуіміз  керек. Данышпан Абайды білмейтін адам жоқ. Дүние жүзіне танымал болды. Ол - классик ақын. Өйткені, ол әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға. Өмір Абайды ерте есейтті. 15 жасында уйленіп, 16 жасында әке болды. 21 жасында болыс болған Абай жастай ел басқару ісіне араласты. Ол халықтың мұң -зарын , арман тілегін өз құлағымен естіп, өз көзімен көріп жүрді. Халықтың өмірі мен әдет ғұрпын жетік білді.Дау айтыстарда шешен билерді жеңіп  отырды,сөзге шешен болды. Үлылығы осылай әлемге танылған біз Абай жолындамыз. Себебі, Абайдың жолы-халықтың жолы, халықтың жолы Абайдың жолы. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың өзі - Абай терең теңіз алып мұхит қой. Мен одан шөмішпен ғана қалқыдым деген екен.

Жүрегімнің түбіне терең бойла ,мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла дегені Абайдың ерекше жаратылған тұлға екенін білдіреді.

«Асыл сөзі іздесен

Абайды оқы ерінбе.

Адамдықты көздесен

Жаттап оқы көңілге «- деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай келешек ұрпаққа Абайды оқыту барысында берілетін өнегелі тәрбие ұшан-теңіз...Абайды ең бірінші қазаққа ауқымды түрде танытқан –Мұхтар Әуезов. Алдымен Абайдың өмірбаяны туралы ғылыми еңбегін жазды. Кейіннен Абай жолы роман-эпопеясы жарық көрді.  

Қазақтың өлеңінің пірі болған

Халқының сөзін айтар ұлы болған. 

Абайдың аманат қып беріп кеткен

Шәкәрім түсірмеген туын қолдан...

Иә,біз Шәкәрім десе Абай дейміз, Абайды аузымызға алсақ Шәкәрімді де тастамаймыз. Өйткені,екеуі идеясы бір үндес ақындар.

Абайдың әкесі Құнанбай дүниеден өткен кезде ағайын туыс алыс, жақын бәрі  жиналғанда Байкөкше деген ақын “Құнан кетті...алдынан жарылқасын... Ат басындай артында  алтын   қалды”- деген екен. Ат басындай алтын дегені Абай дейді. 

Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.

Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.

Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, “Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет “-деп атап көрсетті Президентіміз Қ.К.Тоқаев.

Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.

Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.

Қазақ халқының қоғамдық ортасында дамып жетілген Абай поэзиясы халықтың әдеби бай қазынасынан нәр алып отырды. Ақын 1880-1900 жыл-дардағы халық өмірінің елеулі өзгерістерінің бірі болып саналатын сол кездегі қоғамдық-тарихи жағдайдың қазақтарға тигізген әсерін жан-тәнімен түсіне отырып, өз шығармасында қазақ қауымының даму барысын әрі терең, әрі шыншылдықпен суреттей білді.

Өнер жолындағы жоғары, аса керемет жетістіктер мен ескілікті біржолата сыпырып, жаңашылдықты тарихи түрде мойындатуы және халық өмірінің ішкі дүниесін жан-тәнімен түсінуі, өлеңдерінің бай қоры Абай шығармаларының классикаға көтерілуіне, әлем әдебиеті мен орыс әдебиетінің бай қазынасынан нәрлі қорек ала білген Абай қарапайым қазақ халқын реалистік түрде жырлай бастады. Оған жұртшылыққа кеңінен танымал: «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған аң күмістей кең маңдайлы», «Қартайдық, қайғы ойладық ұйқы сергек», «Интернатта оқып жүр» атты, сол кездегі ел басқарушылар, жыл мезгілдері, махаббат лирикасы қамтыған өлеңдері куә.

Абай өлеңдерінің ең негізгі тақырыбы қазақ халқының бүгінгі жағдайы мен әрі қарай даму жолдары еді. Халқы туралы ой олардың аянышты да ауыр тұрмысын көре отырып жазған өлеңдеріндегі жан күйзелісі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Күз», «Сегіз-аяқ» және т.б. өлеңдерінде айқын білінеді. Абай лирикасында әлеуметтік тақырыптың көрнекті орын алуын Абай еңбегін зерттеушілердің көпшілігі атап өткен. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым! Қайран жұртым», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» өлеңдерінде азамат ақын ел арасында кең етек алған зұлымдықтан арылуды аңсаған еңбекші халықтың жоғын жоқтап, күйін күйттеген өз өлеңдерін әлеуметтік күресте ең қарулы күш ретінде танытты. Нақ осы шығармаларының бәрінде халықты қанаушы, езуші «халқының қамын жегендердің» екі жүзді, арам пиғылдары мен еңбекші қарапайым халықтың ақ көңілін салыстыра келе былай сөз қозғайды:

«Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» ,-деп күңіренеді.

Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да ерекше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне, шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен, дамытып көрсетеді: онда ел өмірі, жалпы тұрмысы, бай серуені бірге қамтылады. «Желсіз түнде жарық ай», «Қыс», «Жаз», «Күз» т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ ауылының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді. Ақын табиғатқа жан бітіре суреттейді, ерекше мейірлене жырлайды.

Ақынның, әсіресе жастарға арналған өлеңдері ерекше айшықты. Жастық шақ - адам өмірінің ең бір думанды кезеңі, сондықтан да «Ойлансаңшы, бос қаңқай елең-селең» - деп, уақытын арзан күлкімен өткізбеуді тілейді. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім», «Жас өспірім замандас қапа қылды» т.б. өлеңдерінде жастарды мәрттікке, татулық, береке, бірлікке шақырады.

Абайды халқымыз ішкі жан сарайының рухани байлығы, сезім пәктігі, сезім мөлдірлігі, шынайылығы, ақындық мәдениеті үшін қатты қадірлеп, құрмет тұтты. Тіршілікті, дүниені, адамның ішкі жан-дүниесінің қыры мен сырын дөп басып, туған халқының жүрегіне жеткізу.

Өзі үстем таптан шықса да, Абай бұқарашыл тілектегі халық ақыны болды. Ол шығармаларында сол халықтың мүддесін, арман мұңын жырлады. Соның жарқын болашағын аңсады. Ақын адамның адамдық қасиеті еңбекте, ғылым-білім үйренуде, адамгершілік мінез-құлықта деп ұқты. Сондықтан елін еңбекке, өнерге үндеді. Қазақ әйелінің бас бостандығын жырлады.

  Қазақтың ұлттық музыкасының алғашқы қадамынан бастап, оның қалыптасып өркендеу тарихында Абай мұрасының алатын орны ерекше. Абайдың композиторлық, ақындық мұрасы халқымыздың мәдени тарихының ажырамас бөлігіне айналып, музыкалық жанрды дамытуға жаңа жол салды.

Абай тек ән шығарушы ғана емес, ән-күйдің әділ сыншысы да. Ол ән-күй жөнінде көптеген терең, үлгілі пікірлер айтты.

Туғанда дүние есігінашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең...

Бұл арада өлең деген сөз ән мәнісінде айтылып тұр. Ол музыканың адам туғаннан бастап, өмірінің соңғы күніне дейін ілесе жүретінін аңғартады.

Абай қазақтың ұлттық әдебиетін мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да байытты. Қазақтың әдеби тілінің негізін салды.

  Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов Абайды "қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі" деп орынды атаған.

«Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы- қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтындығына, қорғайтындығына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін» деген Елбасы.

Абайдың мұрасын ғылыми тұрғыдан меңгеруде тарихи еңбек атқарған академик М.Әуезов болатын. Ұлы жазушы артына ұлан-асыр көркем туындыларын, әсіресе, «Абай жолы» эпопеясы мен Абай шығармалары жайлы ұзақ жылдар бойы ізденуден туған зерттеу еңбектерін қалдырды. Жазушының «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетін бүкіл әлемдік даңққа бөледі. Мұхтар Әуезовтің ұлы Абайға деген махаббаты - оның туған халқына, туған мәдениетіне деген махаббат еді.

Сөзімнің тобықтай түйінін айтар болсам,

Бәрімізге қасиетті Абай ақын,

Оқып-біліп өзіне болдық жақын.

Жылы тиіп жүрекке өлеңдері,

Әр сөзінен ұғамыз ақыл-нақыл.

Үйретті ол ұрпағын жақсылыққа,

Қара сөзі әркімге басшы-нұсқа.

Қаншама жыл өтсе де сөзі өлген жоқ,

Өсиетін аламыз басшылыққа, - дей отырып, міне, «Абай - дана, Абай - дара» деп бекер айтпайды екенбіз. Қазақ елінің ақыны көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абай тереңіне әлі де толық бойлай қойғанымыз жоқ. Оны алдағы уақыттарда да терең білуге тырысарымыз хақ. Абайы бар қазақ бақытты. Абайы бар ел қай халықпен де терезесі тең. Абайы бар елдің мерейі үстем.

Абай мұрасы мәңгі өлмейді. Ол таусылмайтын рухани азық, мөлдір бұлақ, құнарлы нәр, асыл қазына. 

“Абай қазақ елінің бренді болуы тиіс”- деді Шығысымызда Семей қаласына ақын есткерткішінің ашылу салтанатына қатысқан Қ.К.Тоқаев мырза.Президент  ұлы ақынның ескерткішін ашып, музейін аралады. Рухына тағзым етті. “Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы ақынның өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде. Ойшылдың мұрасы арқылы әрекет етсек ұлттық болмысымыз жаңғырады” – деп халықты ерінбей еңбектенуге шақырды.  Ендеше, Абай мұрасын мектеп бағдарламасында  пайдалануда жас ұрпақтың санасына жететіндей етіп түсіндіру үшін Абайды оқып, өмірді Абайша түсіну керек деп ой бөлісер едім.

Абай өлеңдеріне жай ғана үңіле салу мүмкін емес екенін барлық ұстаз мойындайды және ол ақиқат.

...Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!..

Абай болашаққа сөзін осылай арнады. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Сондықтан да біз Абаймен мақтанамыз... Себебі, Абай – адамзаттың Абайы, Адамзаттың ақыны. Абай біздің ұлттық ұранымыз .



Похожие публикации:

09 январь 2021 «Адалдық сағаты»
20 февраль 2020 Абай жолы
17 февраль 2020 АБАЙДЫҢ ТАРИХЫ
Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Дауыс береміз
Оцените наш школьный сайт